Алғашқы қазақстандық лоукостер FlyArystan Нұр-Сұлтан-Қостанай-Нұр-Сұлтан бағытын ашқанын хабарлады.
Төртінші Airbus A320 ұшағымен астанадан Қостанайға күнделікті қатынауға болады. Сапардың ұшу ұзақтығы шамамен бір жарым сағат, минималды билет құны 5999 теңгеден басталады.
“Қостанайға бағытталған жаңа рейстер – жылды жағымды жаңалықпен аяқтауға тұрарлық жаңалық. Бүгін біз қала тұрғындарына арзан бағамен саяхаттауға мүмкіндік беріп, оларды шынайы түрде қуанттық. FlyArystan-ның пайда болуымен жергілікті тұрғындар елордамызға жиі әрі лезде жетіп, өз шаруаларын тыңдырып келе алады. Я болмаса керісінше Нұр-Сұлтаннан Қостанайға келіп, туған-туысқандарын жиі көріп кете алатын болады”, – деді Қостанайда өткен пресс-брифингте FlyArystan-ның сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова.
FlyArystan бірінші сапарын 2019 жылдың 1 мамырында орындаған. Операциялық жұмысының басынан лоукостер 600 000 астам жолаушыны тасымалдап үлгерген. Реконфигурациядан өткен 4 Airbus A320 әуелайнермен 13 бағыт бойынша сапар шегеді.