«Ядролық майданның» зардабын әлі тартып келеміз

1
305

Студенттік жылдардағы ескі альбомыма қарап отырып мұңға баттым. Семейдегі саяси сынақтың құрбаны болған достарым мен туыстарым еріксіз есіме түсіп көзіме жас келді. Ай мен күннің аманында анам мен әкемді, ағам мен жеңгемді, досым мен бауырымды жалмаған – полигон. Қазақтың тарихында болмаған сұм ауруды әкелген ядролық сынақтар. Неге? Неліктен аяусыз сұмдық сынақтарды тарыдай шашылған қазақтың жерінде өткізуді таңдады? Аштық пен соғыстың зұлматынан кеше ғана шыққан халық мұндай күн кешерін біліп пе еді?

Ядролық қару сынағын көрген көздер азаюда, қашанға дейін бұл құпия жабулы күйде қалмақ деген ойлар саны толастар емес. Ойланғаннан іс бітпес. Бұл ойларымды енді біреу саралар, құпиялар бәлки болашақта ашылар деген оймен полигон салдарынан ауруға шалдыққан жандарды емдеу шараларын қарастырдым. Әлі де іздеп келемін.


Мен Қарағанды облысының бұрынғы Семей облысына жақын орналасқан Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында туып өстім. Ауылыма 100 шақырым қашықтықта орналасқан «Дегелең» атты тау ядролық сынақ салдарынан түгі қалмай қираған.

1949 жылы Семей полигоны басталды. Ол кезде мен 7 жастамын. Қызықтап қарағаннан басқа болып жатқан жайтты саралап таразыға салатын халде емес едік. Саяси жүйеге ауыл тұрғындарының көзқарасы қандай болды немесе қолдаушылар мен қарсы тұрушылар бар ма деген сынды сауалдарға жауап іздейтін жаста емеспіз. Десе де сол мезет елді Балқашқа қарай көшіреді деген хабар тарады. Туған өлкеден кету туралы хабар халықты әбігерге салғаны рас. Алайда Семей облысының құрамына кіретін Абыралының халқын ғана біршама жерге көшіргені болмаса, біздің өлкеге тиіспеді. Айтылған сөз сөз күйінде қалды. Ешкім ешқайда көшкен жоқ. Ядролық сынақтың не пайдасын, не залалын білмеген халық осылайша екі оттың ортасында отырғанын сезбей қалды.

Ауылда 100 шақырым қашықтықта Семейдің Дегелең атты тауында атом бомбаларын жара бастады. Әуеде де, жерде де, жердің астындағы да жарылыстарға куә болдық. Үлкендер жарылыстың дауысынан байлаулы тұрған иттің жүрегі жарылып өлді десетін. Дегелеңде жайылған малдың бірі қалмай қырылып қалған. Сылдырап аққан бұлақтар, менің бойыммен бірдей болып өскен көкорай шалғын шөптер, ауылдың ірі қарасы мен ұсақ малының жайылым жері ядролық сынақтардың салдарынан түгі қалмай зиянға ұшырады… Осылайша Дегелең тауы әп сәтте бұрын көз көріп, құлақ естімеген сұмдықтың алаңына айналды. Мұның барлығын кейіннен білгеніміз болмаса, ол кезде ештеңені де аңғарған жоқпыз, байыбына бармадық. Жас баладан кім, не сұрасын!

***

Ең алғаш полигонда атом бомбалары жарыла бастаған уақытта (1949-1962 жылдар) мектепке барған кезім болатын. Жарылыс басталар уақытта әскери адамдар келіп барлығымызды қауіпсіздік мақсатында мектептен тысқа шығаратын. Үйіндінің астында қалмасын деп ойласа керек. Сол сәттерде үйдің үстіне немесе тауға шығып әлгі жарылыстарды қызықтайтынбыз. Зиянды зат екенін білмесек те, жарқ-жұрқ еткен қызылды жасылды түстер мен тарсылдаған дауыстарға алаңбыз. Артынша үлкен саңырауқұлақ пайда болатын. Ядролық қарудың сынақтары кезінде жарылыстан кейін Алла берген бір күннің жанынан екінші күн пайда болатын. Бұл әуедегі жарылыстың әсерінен шыққан күн!

Мен мектеп бітіріп қалаға оқуға кеткеннен кейін жер асты жарылыстары басталды (1963-1989 жылдар). Ауылға барған сайын жарылыстың салдарынан қираған терезелер мен ыдыстардың шыныларын жинайтынбыз. Сол аралықта аймақ экологиялық апатқа тап болды. Өзендер мен көлдер, ауыл аймақтағы құдықтар осы уақытта бір демде тартылып, түгі қалмады. Аналарымызға әскерилердің өздері тамақ пен судың бетін жауып жүруді үнемі ескертетін. Біз баламыз, жарылыстың зиянын үлкендер өзара айтатын бірлі жарым естісек естідік, естімесек онан арғы залалы туралы хабарымыз да болмады.

Ядролық майданның зияны «қылтамақтан» басталды

Семей полигонында сыналған ядролық қаруды «Оружие судного дня» («Ақырзаман қаруы») деп атағанды естуші едім. Нақ айтылған теңеу болса керек, жарылыстың залалы көп ұзамай-ақ шыға бастады.

Ядролық жарылыстың зиянын медициналық институтта оқып жүргенде алғаш білдім. Бұл шамамен 1960-1970 жылдар аралығы еді. 4 курста оқып жүргенде радиация туралы ақпарат алдық. Міне тап сол уақытта елде өмірі болмаған өңештің қатерлі ісігі «Қылтамақ» ауруы пайда бола бастады. Өңеш ісігінен кейін асқазан ісігі ауруы пайда болып, кейіннен бауыр ауруы деген сияқты жаман аурулар бірте-бірте шыға бастады. Бұл ауру шалдыққан адамды алмай қоймайды. Сол уақытта қаза тапқандардың барлығы «қылтамақтан» кетті. Ядролық қарудың зиянын түсіне бастаған халық сол уақытта алғаш рет полигонның жұмысына қарсы шықты. Мәскеу комиссиясы бұл ауруларды қазаққа тән жаман ауру деп жылы жапқысы келді. Газет-журналдарда «Полигонның ешқандай зияны жоқ. Қазақтарда асқазан ауруы мен өңештен болған ісік ыстық шәйдің әсерінен пайда болған ауру» деген ақпараттар таратып жатты. Қазақ халқында өткен ғасырда «рак» деген ауру атымен болған емес. Мен оқуды бітіріп дәрігер болып қызмет етіп жүрген уақытымда, Егіндібұлақта аяғы немесе қолы жоқ «кеміс» балалар дүниеге келе бастады. Туа сала өліп кеткендер қаншама. Одан бертін келе өз-өзіне қол жұмсау халық арасында көп тарап кетті. Бұл полигонның жүйкеге тікелей әсерін көрсетеді. Ауылда асылып қалу, өзін құздан лақтыру сынды қайғылы жағдайлардың жиілеп кеткенін ата-анамыз жиі айтып отыратын.

Полигоннан зардап шеккен ауыз су мен бұлақтардың қалпына келуіне әлі біраз уақыт қажет. Полигонның зияны үшінші буынға да әсер ететіні сол мезгілді анық айтылған. Елде қалған ағажеңге туыстарым мен әке шешем рактан көз жұмды. Мен ауылдан ерте 17 жасымда кеткенімнің әсері болса керек, аман қалдым. Алайда ауру менің қызыма тарады. Қызым рактан көз жұмды. Мінекей! Семей атом полигонының салдарынан пайда болған обыр, қылтамақ, аққан сынды «жаман» аурулар түп-тамырымен жоғалып кетті деп айтуға әлі ерте.

«Ядролық майданда» қаза тапқан, зардабын бүгінгі күні әлі тартып келе жатқан қандастарымыз үшін, туыла сала көз жұмған, жарық дүниені көріп үлгермеген сәбилер үшін кім жауап бермек? Олар үшін қапаланып, қайғы шеккендер бар ма?

Гүлжан Маралова 1942 жылы бұрынғы Семей облысына жақын орналасқан Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген.  КСРО заманындағы білікті дәрігер, атом полигоны атты жазылмаған жарамыздың құрбандарының бірі.

Жадыра Аманбайқызы

1 ПІКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз