ҰҚК қауіпсіздік сертификатын тестілеуден өткізуді тоқтатады

0
322
Сурет: ҰҚК баспасөз қызметі.

“Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздігі туралы” Заңға сәйкес және киберқауіпсіздік пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҚР ҰҚК қауіпсіздік сертификатын қолдануды тестілеуді сәтті аяқтады. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Нәтижесінде кибер және ақпараттық кеңістікте киберқауіптің алдын алу жүйесі құрылды. Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы тек өткен айда ғана мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға қатысты 8 млн мәрте вирустық белсенділікті және 130 мың кибершабуылды анықтады. Одан бөлек, бірқатар мемлекеттік органдарға кибертыңшылық жасау фактілері ашылды.

Сонымен қатар, сертификат енгізудің түйткілді мәселелері зерделенді, байланыс операторларының жұмысына ықпал ететін тұстары тексерілді. Сертификат болашақта ұлттық қауіпсіздікке кибер және ақпараттық шабуыл арқылы қатер төнген жағдайда ел азаматтарына алдын ала ескерту бере отырып қолданылатын болады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 тамызда түнде Qaznet Trust Network қауіпсіздік сертификатын ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) өзінің тапсырмасы бойынша сынақтан өткізгенін, сынақтың сәтті аяқталғанын хабарлады.

Тестілеу жұмыстарының оң нәтижеге жеткенін ескере отырып, ҰҚК 7 тамыздан бастап тестілеудің тоқтатылатынын мәлімдеді. Жақын арада ресми сайтта жеке құрылғылардағы қауіпсіздік сертификатын өшіру жолдары көрсетілген нұсқаулық жарияланады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз