Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте орталық мемлекеттік органдардың және «Атамекен» ҰКП басшылығының қатысуымен орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдері қаралды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың мәліметінше 1 наурыздағы жағдай бойынша республикада 2 910 орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Олардың ЖІӨ-дегі үлесі – 6,3%.
Бұл кәсіпорындарда шамамен 380 мың адам жұмыспен қамтылған.
VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы алдағы жылдары орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Осыған байланысты ҚР ҰЭМ мемлекеттік сатып алу саласын қосқанда, орта кәсіпкерлікке қатысты реттеу рәсімдерін жеңілдету, салық төлеуге ынталандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру, әкімшілік жүктемені азайту және орта кәсіпкерлікті қолдауды кеңейту жөнінде шаралар ұсынды.
«Біз бұл ұсыныстар бойынша, бірінші кезекте бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, жақсылап жұмыс істеуіміз керек. Оларды мұқият зерделеп, заңнамаға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың салалық бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізу қажет», – деді Әлихан Смайылов.