Мұқалмаған арман: жасанды аяқпен жүретін қыз қалай балерина атанды?

0
205

АҚШ-тың Миссури штатында тұратын Гэби Шулл есімді қызға мектеп жасында ақ халаттылар сұмдық диагноз қояды: саркома – сүйек тінінің қатерлі ісігі.

Өкінішке орай, диагноз қойылғаннан кейін Гэбидің аяғын балтырынан төмен кесуге тура келеді, ал табаны мен сирағын дәрігерлер қыздың беліне бекітеді. Ақ халаттылардың бұл шешімі жүзеге асқан бір жылдан кейін Гэби қадамдап жүріп, тіпті балетпен айналыса бастайды.

Қазір 14 жасқа толған жасөспірім қыз тағдырдың тезіне түсіп, сынақты өткерген жандарға үлгі боламын, беріспейтіндерді шабыттандырамын деген ниетте.

Аяғында бір түйіткілдің барын Гэби 2011 жылы коньки теуіп, құлаған сәтінде сезеді. Бастапқыда қызының алған жарақатына ата-анасы анау айтқандай мән бере қоймайды, алайда, екі апта өткеннен кейін Гэбидің жағдайы ауырлағанын көрген ата-анасы дереу қызды емханаға жеткізіп, рентгеннен өткізеді.

Бастапқыда дәрігерлер қыз құлағаннан стресске түскен деген шешім шығарады, кейіннен нәтижелер шыққан сәтте мәселе айқындала түседі – Гэбиде қатерлі ісік.

“Біз дәрігерге келдік, ақ халаттылар қызымызда қатерлі ісік екенін айтты. Бұл аяқ тіндерінің қатерлі ісігі екен. Бұлай болғанына сенгім келмеді, дәрігер бір сөзін он рет қайталауға мәжбүр болды. Өз құлағыма өзім сенбедім. Гэби сол сәтте менен өзінін мұндай жағдайға не себепті тап болғанын сұрады. Мен кейде жақсы адамдар ауыр жайттарға тап болатынын, неліктен бұлай болатындығын ешкім түсіндіріп бере алмайтындығын айттым. Бірақ, біз бұл қиындықтан өту үшін қолдан келгенімізді аямауға тиіспіз “, – дейді Гэбидің анасы Дэбби.

Гэби ісік операция жасайтын деңгейге дейін кішіреюі үшін 3 айлық химия терапия курсынан өтеді. Қызды емдеудің түрлі шаралары ұсынылады, соңында ротациялық пластика таңдап алынды. Ротациялық пластика аяқ белдің ортасына дейін кесілген кезде қолданылатын емдеу шарасы, мұнда табан мен сирақ 180 градусқа кері айналдырылып, бел сүйегімен байланыстырылады, сонда тобық тамыры тізе тамырына айналады. Мұндай хирургиялық тәсіл Гэбиге оңай қозғалуға мүмкіндік берер еді.

Гэбидің анасы қызымен бұл туралы сөйлескендерін, ротациялық пластикадан өткен балалардың ролик теуіп жүрген бейнежазбаларын көрген кездерін ойға алады.

“Біз ротациялық пластиканың кемшің тұстары жоқ екендігін білдік. Гэби үшін бастысы мақсатқа жету еді, себебі қызымыз билегенді жақсы көреді”, – дейді анасы.

Әр жыл сайын АҚШ-та  ротациялық пластика бойынша 12 операция жасалады, бұл анау айтқандай кең етек алған химиялық үрдіс еместігін осыдан-ақ байқауға болады.

“Аяғымды кескеннен кейін, төсектен тұрғым келді, қадам жасағым келді. Мен әрқашан билеуді жақсы көретінмін, сондықтан тез жүруге құлшындым. Бұл оңай болмады, аяғым қатты ауырды. Тіземді қимылдатып, тамырларды жүргізудің  өзі азап еді. Маған біреудің көмегінсіз жүре алу үшін бір жыл уақыт және бірнеше жеке жаттықтырушы қажет болды. Ал бір жылдан кейін мен сахнада билей алатын деңгейге жеттім”, – деп еске алады сол күндерін Гэби.

Қазір Гэби жасанды аяқпен жүреді, десе де түрлі би сайыстарына қатысып, жаттықтырушылары мен өзге де бишілерге шабыт береді, ал ата-анасының көз қуанышы. Сондай-ақ, биші қыз әлеуметтік желідегі арнайы Truth 365 науқаны арқылы қатерлі ісіктен зардап шеккендерге көмек қолын созуда.

Өмір түрлі сынақ тезіне салады. Бұралаңы мен соқпағы мол жолда сүрінбей өту, мақсатқа жету, адам боп өмір сүру – шын мықтының ғана қолынан келеді. Жеңілмейік!

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз