Мемлекеттік қызметшіге әлеуметтік желіде парақша ашуға рұқсат етілген, бірақ белгілі бір шектеу бар. Бұл туралы брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаев мәлім етті, деп хабарлайды kazaknews.kz.
Спикердің сөзінше, мемлекеттік қызметшілердің жеке парақшасын жүргізуінде бірқатар шектеу бар.
“Әлеуметтік желілердегі парақшалардың мазмұнына қатысты азаматтарды арандатпауға және мемлекеттік органдарға деген сенімге нұқсан келтірмеуі тиіс тұстар бар. Мемлекеттік қызметшілерге қымбат көліктердің, сәнді ғимараттардың, мейрамханалардың және тағы басқа фонында ойын-сауық орындарында түскен фотосуреттерін жариялауға тыйым салынады. Мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық қағидаларды ұстануы керек”, – деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар, ол аталған шектеуден басқа, Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін ақпаратты, тыйым салынған затты қолдану арқылы әдепсіз мінез-құлықты көрсететін фотосуретті жарияламауы және нақты діни ұстанымын көрсетпеуі тиіс екенін ескертті.