17 тамыз күні Нұр-Сұлтанда қала маңы автобустары қайта жүре бастады. Бұл туралы астаналық CTS көлік компаниясы Facebook парақшасында мәлімдеді.
“Автобустар 06:00-22:00 сағат аралығында жүреді. Қоғамдық көлікке бетпердесіз кіруге рұқсат етілмейді. Барлық қала маңына қатынайтын автобустарда дезинфекция жүргізіледі”, – деп жазылған хабарламада.
Тұрғындар бетперде тағу режимін бұзбай, жол жүру ақысын электронлы түрде төлеуі керек екені айтылып отыр. Айлық жол жүру бойынша қосымша хабар беріледі.
Алдағы демалыс күндері, яғни 22, 23 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қоғамдық көлік жүрмейді.
Бұған дейін астанада дүйсенбіден бастап қосымша 9 бағдар бойынша автобустар жүре бастайтыны хабарланған болатын.
“№ 5, 9, 10, 12, 24, 52, 54, 70, 72 бағдарлары бойынша қатынайтын автобус саны артады. Жолаушылар ағыны зерттеліп жатыр. Қажет болған жағдайда өзге бағдарлар бойынша да өзгеріс болады”, – дед мамандар.
Дүйсенбі, 17 тамыздан бастап елде карантин жеңілдетілді. Тиісті шешімді мемлекеттік комиссия бекітті.