Нұр-Сұлтанда хайуанаттар салонынан 11 келі есірткі табылды

0
165

Нұр-Сұлтан қаласында есірткі сатумен айналысқан 6 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олар есірткіні хайуанаттар салонында жасырған. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

Полиция қызметкерлері күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде сатуға дайын каннабис тобының есірткі құралдарын тәркіледі. Салмағы 11,5 келі есірткі қылмыстық топтың ұйымдастырушысының әйеліне тиесілі зоосалоннан табылды. Тінту болған жағдайда қызметтік иттерді иістен жаңылдыру үшін есірткі сөмкелері жануарларға арналған жем-шөптің арасына жасырылған. Қылмысты ұйымдастырушы есірткіні Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен партиялармен алып келіп отырған.

Осылайша шамамен 17 млн теңге сомасына 2,5 мың доза гашиш тәркіленді. Ішкі істер министрлігінің түсіндірмесіне сай гашиштің салмағы 200 граммнан асуы жазаның күшейтілуіне әкеліп соғады. Есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз сатқаны үшін жаза мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Қазіргі таңда қылмыстық топтың барлық қатысушылары ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз