Нұр-Сұлтанда сервистік полиция қызметінің қазақстандық моделі туралы форум өтті

0
257
Форум спикерлері.

20 мамыр күні Нұр-Сұлтанда «Сервистік полиция жұмысының қазақстандық моделі: перспективалары және даму стратегиясы» атты халықаралық форум өтті. 

Шараны Қазақстан Республикасы ІІМ БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен және “Құқықтық саясатты зерттеу орталығы” қоғамдық қорымен бірлесіп, Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен ұйымдастырған.

Жиында сервистік полиция моделі талқыланды. Халық пен ішкі істер саласы қызметкерінің арасында тығыз қарым-қатынас орнатудың оңтайлы әдістері мен әлемдік тәжірибелерге шолу жасалды.Ішкі істер министрі полицияның сервистік моделіне сипаттама берді.

Қазақстан ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

“Сервистік модель деген күнделікті жұмыс. Ол – өлшемдерді өзгерту, халыққа жақын болу, халықтың үнін тыңдап, қоғамның талабына сай болу. Салдарымен емес, себебімен күресу. Проблеманы шешуге бағытталған модель”, – деп атап өтті Қазақстан ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Қазақстанда сервистік полиция бойынша пилоттық жобалар Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларында жүзеге асқан. Онда атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылды. Жалпы жұмыстың сервистік моделіне көшу ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы биліктің және халықтың өзара серіктестігін күшейтуді көздейді.

Форумда шетелдік сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық жүйелерді талқылап, қазақстандық сервистік полицияға қатысты пікірлерін білдірді.

Қазақстандағы Еуропа Одағының өкілі Кестутис Янкаускас.

“Бүгінгі таңда бізге 27 мемлекет мүше. Яғни, 450 миллион адамнан тұратын блок. Бұл елдердің әрқайсысында түрлі модельдер бар. Жаңа Қазақстанды құруда біз осы үдерістердің бір бөлігі болғанымызға және Еуропалық Одақ пен бізге мүше елдердің озық тәжірибелерімен бөліскенімізге қуаныштымыз. Қазақстан полициясы мен заң жүйесі билік моделінен бас тартып, қызмет көрсету үлгісіне көшуге тырысуда. Бұл, ең алдымен, сапаны бағалау”, – деді Қазақстандағы Еуропа Одағының өкілі Кестутис Янкаускас.

Форумға депутаттар, азаматтық және академиялық қоғамның, сот және құқық қорғау органдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олар да ортақ мәселеге қатысты сауалдарын қойып, жауап алды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз