Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған тұрғындарына не айтты?

0
139

2 сәуірде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туған жері Алматы облысы Шамалған ауылы тұрғындарымен кездесу барысында Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы туралы айтты. 

“Қазақстанның болашағы зор. Елде жастарға оқуға, тіл үйренуге толық жағдай жасалып отыр. Болашағымыз білім-ғылымда жатыр. Сіздер ауылдың адамысыздар. Ауыл үшін талай бағдарлама жасалып, жұмыс жүріп жатыр. Ауыл тұрғындарына шағын несиелер беріліп, жұмыс істеймін дегендерге, мамандығы жоқтарға заманға сай мамандық игеруге мүмкіндік берілген. Қазір мәселе жұмысыздықта емес, мамандықты дұрыс игермеуде. Мамандығы бар адам жұмысты кез келген жерден таба алады, – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек туралы да айтты.

Көпбалалы аналарға, тұрмысы нашар адамдарға көмек беріліп жатыр. Ең төменгі жалақы жыл басынан бері 1,5 есе көбейтіледі. 1 сәуірден бастап көпбалалы аналарға, әр балаға, табысы төмендерге көмек берілуде. Бірақ мемлекетке “бере бер” деп отырмай, жұмыс істеу керек. Қай қазақ баланы туғызып, көршісіне асыра деп берген? Еркек адамның “баланы туғыздым, өзім асыраймын, жеткіземін” деген намысы болуы керек. Дүниежүзінде солай. “Мен Қарақалпақстаннан келдім, 10 баламмен бірге асыра” дейді. Біз жұмыс беруіміз керек елге. Бала-шағасын асырау – адамның өз басындағы міндеті. Бізді аналарымыз солай асырады. Біз де солай өскен адамбыз. Қазақстанға келіп, еңбегі сіңбей жатып, “бізді асыраңдар, зейнетақы беріңдер” дегенді естіп жүрмін. Оның бәрі дұрыс емес. Бірақ мемлекеттің жағдайы жақсы. Өзінің болашаққа резерві бар: индустриялық, ауыл шаруашылығы салалары, барлық жағынан. Қазақстан бойынша жолдар салынып жатыр. Әр ауылға газ келіп жатыр. Басқа да керек жағдай бар. Тек жұмыс істеп, жастарға оқып, білім алу керек. Сонда ғана отбасын бағады, өзіне жақсылық істей алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент жерлестеріне мемлекет басқару қызметіндегі жетістіктері туралы да айтты.

Әлемнің 170 елін араладым. 200-ден астам президентпен кездестім. Соның барлығы елдің қамы үшін болатын. 1979 жылы Орталық Комитет хатшысы болып келгеннен бері қарай 40 жыл ел басқаруда жұмыс істедім. Қолымнан келгенше күндіз-түні жұмыс істеп, қазақ елін әлемге танытуға тырыстым. Соның арқасында ешкім білмейтін Қазақстан дүниежүзіне белгілі болды. Қазақстандықтардың бармайтын жері, демалмайтын курорты жоқ. Балалары әлемдік ЖОО-да білім алып жатыр, денсаулығын түзеймін десе де, шетелдік емханаларға барады. Соның барлығы елдің өркендеуі, мемлекет дәрежесінің көтерілуі арқасында. Қазақстан басқалармен салыстырғанда үлкен ел емес. Біздің ел Қытай мен Ресей сияқты алып мемлекеттермен шектеседі. Оңтүстігімізде Ислам мемлекеттері. Олардың арасында 18 миллион халықпен, жеріміз кең болса да, үлкен деп айта алмаймыз. Дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында барлық мемлекет Қазақстанды сыйлайтын болды. Араағайындық, татулық мәселесіне кірістік. Арқа төсінде жаңа елордамызды салдық. Елордамыз әлемдік жиындар өтетін, танымал орталыққа айналды.  Қазақстанның орталығы қандай болса, елі де сондай деп түсінеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жерлестері үлкен сый-құрметпен қарсы алған кезде Елбасы өзінің туған жерге деген сағынышы жайлы айтты.

1958 жылы осы Шамалғаннан шетке кетіп, 20 жылдан соң Алматыға қайтып келдім. Кішкентайымнан осы жерде өстім. Ата-бабамыз Қаратаудың баурайында ағайын-туған, құда-жекжат – барлығы осы Шамалғанда. Жастар әлі біле бермейді. Есейіп, ауылыңа келгенде жастық шақ еске түседі. Мемлекетті аяғынан нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау уақыттан өттім. Тауда, сай-сайларда әкеммен жүргенім еске түскен кезде барлық шаршағаным ұмытылғандай болады. Сондықтан адамның кіндік кескен жері ыстық. Адам туған жерін сүю арқылы Отанын сүйіп патриот болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз