Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты туындаған мәселеге өз мәлімдемесін жариялады.
«Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылады. Бұл мәселе мүфтият қызметкерлерін де бейжай қалдырмайды. ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз», – делінген ҚМДБ ресми сайтында.
Мүфтият білім алудың парыз екенін алға жетелеп, онымен қоса балиғат жасына толған қыз балаларға орамал тағудың да парыз екенін атап өтті.
«Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек. Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз», – делінген сайтта.