Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар Шымкент қаласының ерекше мәртебесін беру, үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының облыс орталығын Түркістан қаласына ауыстыру және Түркістан және Кентау шекараларын өзгерту сынды маңызды мәселелерді талқылады.
Облыс мәслихаттық сессиясында халық қалаулылары Оңтүстік Қазақстан облысының облыс орталығын Түркістан қаласына ауыстыру туралы ұсынысты бір ауыздан қолдады. Облыстың әкімшілік құрамының өзгеруіне байланысты Шымкент Түркістан және Кентау қалаларының шекаралары қайта бөлініске түседі. Тұрғындар санының 1 миллионға жетуіне байланысты арнайы мәртебеге ие болған Шымкент қаласы облыстан бөлініп дербес қала ретінде дамуын жалғастырады.
Ал Түркістан қаласының аймағындағы 12 ауыл әкімшілігі Кентау қаласының құрамына енеді.
Облыс әкімі Жансейт Туймебаев облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында «Аймақ орталығының Түркістанға көшірілуі санаға сілкініс туғызып, отаншылдық сезімді тереңдетеді. Қасиетті шахар туризм саласында Самарқанд, Бұқара, Хиуа сынды қалалармен бәсекелесіп Түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның мәртебесін асқақтатады», деді.
Әкім сонымен қоса отырыста жұртшылықты Шымкент қаласы халқының саны миллионға жетуімен құттықтады.