Оралу
Қоғам «Осы жылы жол ақысы қымбаттамайды» – Әсет Исекешев
Елордада қоғамдық көлікпен жүру ақысы қымбаттауы мүмкін деген ақпаратты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоққа шығарды.
Әкім «Астанада қоғамдық көлікпен жүру ақысы 200 теңгеге дейін қымбаттайды деген ақпар тарап кетті. Бұл мәтіннен үзінді ретінде алынған қате ақпарат екенін бірден айтып өткім келеді. Мәслихатта, қоғамдық кеңесте көптеген бағдарламалар бойынша үлкен талқылаулар жүріп жатқаны белгілі. Осы орайда, мен журналистерден әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, мәтіндегі мағынасы жағынан жалған болып табылатын ақпаратты «жұлып алып» таратпауды сұраймын» деді.
Қоғамдық көліктің бағасы қымбаттайды деген ақпаратқа түсініктеме бере отырып «Енді осы мәселеге қатысты түсінік берейін. Біріншіден, өте тез дамушы мегаполис үшін қоғамдық көлік өте маңызды мәселе болып табылады. Өздеріңіз білесіздер, бұл мәселеде біршама жақсартуды талап ететін тұстар да бар. Сондықтан біз осыдан екі жыл бұрын автобустар паркін белсенді жаңарту, сервисті белсенді жақсарту бойынша бағдарлама қабылдаған болатынбыз. Сарапшылардың бағалауы бойынша ол бағдарламалар жақсы серпін беріп жатыр. Алайда, қаржылық модель маңызды мәселенің бірі болып отыр.
Расында да, 2014 жылдан бері жол ақысы тарифтері қымбаттаған жоқ. Ол уақыттан бері екі девальвация өтті, жанармай бағасы өсті, инфляция болды. Бірақ тариф берде-бір рет қымбаттаған жоқ. Қазір біз автопарктермен, көлік компанияларымен осы саланың экономикалық моделін талқылап жатырмыз. Ол көптеген елдерде субсидияланатыны белгілі. Бірақ, ол субсидия қалай және қандай көлемде болатынын біліп алу керек. Сондықтан біз автопакртердің ұсыныстарын тыңдап, әділ бағасын берсін деп банкирлерді шақырдық. Мәслихатта аталған есептік тариф екені белгілі. Есептік тариф дегеніміз ол жол ақысының өзіндік құны. Ол субсидия төлеу үшін маңызды болып табылады. Автопарктер 300 теңге де, 500 теңге де ұсынғаны анық. Бірақ, біз ең төмен бағаны, яғни, шамамен 200 теңгені алдық. Бұл жанар-жағармайдың бағасы, жүргізуші мен кондуктордың жалақысы және қоғамдық көліктің жөндеу жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс.
Аталған ақпарат халыққа қате тарап кеткендіктен, мен қазір осы мүмкіндікті пайдаланып, осы жылы жол ақысы қымбаттамайтынын, карточка бойынша 90 теңге көлемінде қалатынын айтқым келеді», деп мәлімдеді.