Qazaq Air ақпан айынан бастап Қазақстанның басқа қалаларынан Түркістанға ұшатын рейстерді көбейтті. Бұл жөнінде әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
“Ақпан айынан бастап Qazaq Air әуекомпаниясы Түркістанға ұшатын рейстерді арттырады. Түркістанға Ақтөбе, Талдықорған, Қостанай, Павлодар, Өскемен және Орал қалаларынан тікелей қатынауға болады”, – делінген хабарламада.
Ұшақ Оралдан рейстер сейсенбі және сенбі күндері, Ақтөбеден дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері, Қостанайдан сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері, Павлодардан сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері, Өскеменнен сейсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері, Талдықорғаннан сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұшады.
Белгіленген бағалар бойынша билеттер сатылымға шыққан. 5 келі қол жүгі, 20 келі багаж жүгін тасымалдауға рұқсат етілген.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Qazaq Air 570 мыңнан астам жолаушы тасымалдаған. Бұл 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 32%-ға көп.