Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі мүфтият жауабына сүйене отырып мұсылмандардың қасиетті айы Рамазанда коронавирусқа қарсы вакцина салдыруына байланысты қойылған сұраққа жауап берді.
“ҚМДБ жанындағы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлұлының жауабы бар. Оның жауабына қарасақ, аузы берік адамға коронавирусқа қарсы вакцинаны оразасын бұзбай егуге мүмкіндік бар. Коронавирусқа қарсы вакцина ораза ұстау шарттарын бұзбайды”, – деді денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мешітке сілтеме жасай отырып, бұл сұраққа жауап берген болатын.
Мүфтият егер зат ас қорыту жүйесіне ауыз, мұрын сияқты табиғи жол арқылы енсе, ораза бұзылады деп хабарлады. Коронавирусқа қарсы вакцинаны егуде ешқандай мәселе туындамайды. Сондықтан ковидке қарсы вакцина оразаны бұзбайды.
Биыл қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырға дейін жалғасады.