Сенатор Бибігүл Жексенбай Алматыдағы Medicare протездік-ортопедиялық орталығында протезін күтіп жатқан жастар мен қариялармен кездесті, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
“Әдетте, қоғамда көп көзге түспеуге тырысатын жандардың жаңа заманауи үлгідегі биопротезді киіп, еңселерін тіктеп, көздері күлімдеп кеткенін көріп, ерекше тебірендім”, – деп жазған депутат Facebook парақшасында.
Бұрын протез Еуропада жасалып, қаржылық мүмкіндігі бар адамға жол түсетін болса, отандық протез орталығы қарапайым адамдарға тамаша қолдау көрсетіп отыр. Дегенмен, мұндай орталықтар да, кәсіби мамандар да саусақпен санарлық.
Бұл орталықта әскери жаттығу кезінде мина жарылып, бір көз бен қолынан айырылған Сергей есімді жігіт, компьютер құлағында ойнап, мәтін тере алатын “жаңа қолына” қуанса, Әсел есімді оралдық жасөспірім қыз енді жасанды саусақтарын бүгіп, микрофон ұстап, ән айта алатынын қуана айтып жатты.
Жаңа технологиялардың жетістігімен қатар, Қазақстанда әлі де көп көңіл бөлінбей жатқан протез саласындағы күрделі мәселелерді орталық басшысы Фатих Кая ашық, кеңінен баяндады.
“Қазақстанда мықты протезистерді дайындауымыз қажет, ол үшін алда мектеп ашатын жоспарымыз бар. Мемлекеттегі бұл саладағы білім ескі теориялармен қалып қойған, біз мамандарды шет елде оқытып немесе шет елден алдыруға мәжбүрміз. Неге сол аса қат мамандықты Қазақстанда оқытпасқа? Аяқ-қолға мұқтаж жандар өте көп, біз оларға сапалы, әрі өзге елден кем түспейтін қызмет көрсетуге тиістіміз”, – деді Фатих Кая.
Medicare орталығы 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді. Небәрі жыл басынан бүгінге дейін 270 мыңнан астам азаматқа протез, балдақ, таяқ, ортопедиялық аяқ киім, корсет, тағы басқа басын тік көтеріп жүруге аса қажет бұйымдарды өз цехында жасап берді.
“Қазақстан халқына” Қорының арқасында біздің орталықта 73 азамат заманауи аяқ-қол протездерін алған.
fotos:kazaknews.kz