Түркістан облысында полиция қызметкерлері иттердің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтау мен контрабандаға қатысы бар екі шетелдік азаматты ұстады.
Қызметтік иттер тәртіп сақшыларына күдіктілерден гашиш есірткісін анықтауға көмектескен.
Мәселен, полиция бөліміне Жібек жолы шекара бекетінен есірткі тасымалдады деген күдікпен шетелдікті ұстау туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген полицейлер бақылап-өткізу пункті арқылы өтіп бара жатқан сезікті ер адамға қызметтік ит белгі бергенін анықтаған. Аталмыш Өзбекстан азаматын тінту кезінде одан құрамында есірткі заты бар полиэтилен пакет табылған.
Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемені сараптамаға жіберген. Қорытындыға сәйкес, ол жалпы салмағы 3 грамнан асатын гашиш есірткісі болып шықты.
Осы күні тағы бір шетелдіктен қызметтік иттің көмегімен тыйым салынған заттар табылған. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары Тәжікстан азаматының аяқ киімінен есірткі заты бар қағаз орамасын тауып, тәркілеп алған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл орамадағы зат гашиш есірткісі болып шықты. Күдіктіні тәртіп сақшылары аудандық полиция бөліміне жеткізген. Аталған екі жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.