«Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қоры осындай ұранмен 30 жылдық мерейтойға арналған салтанатты кеш өткізді.
«Білім-Инновация» лицейлерінің 30 жыл ішінде атқарған жұмыстары аз емес. Оның жетістігі мен жемісін қалың жұрт жақсы біледі. Осынау салтанатты іс-шарада сол жетістіктерге жетуге себепкер болған ардақты ұстаздар мен мекеме қызметкерлері марапатталды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кеш шымылдығын ашып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Құрметті «Білім-инновация» лицейлерінің ұжымы, қадірлі ұстаздар, баршаңызды «Білім-инновация» лицейлерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл еліміз үшін айтулы оқиға. Сіздер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның орта білім саласын дамыту және саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне зор үлес қосып келесіздер. Оқу орындары, озық бағдардамалар мен тәжірибелерді басшылыққа алып, жастарға сапалы білім беріп отыр. Оқушыларыңыздың республикалық және халықаралық олимпиадаларда талай мәрте топ жарып, үздіктер қатарынан көрінуі осының айқын дәлелі. Лицейлер заман талабына сай жаңаша білім алған цифрлық сауаты жоғары және шет тілдерін еркін меңгерген шәкірттердің тұтас шоғырын қалыптастырғаны сөзсіз. Түлектеріңіз еліміздегі және әлемдегі беделді жоғары оқу орнындарында білімін ұштап, әр салада табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда, ұстаздар қауымына және барша ұжымға шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңізге жүктелген абыройлы міндетті әрдайым мінсіз атқарып, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек ете бересіздер деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін», – делінгенпрезидент құттықтауында.
Ғани Бейсенбаев бұдан бөлек премьер-министр Әлихан Смайыловтың, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың құттықтау хаттарын «Білім- Инновация» қоғамдық қорының президенті Дархан Өтеге табыстап, өзінің құттықтау сөзінде «Білім-инновация» лицейлерінің бес ғимаратына құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттен қаржы бөлінгенін сүйіншілей хабарлады.
Сонымен қатар, Сенатор Бибігүл Жексенбай Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, «AMANAT» партиясының хатшысы хатшысы Дәулет Кәрібек мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауларын жеткізді.
Құттықтаулар барысында, БИЛ лицейлерінің бір топ ұстаздары премьер-министр Әлихан Смайыловтың алғыс хатымен және төсбелгілермен және бір топ ұстаздар арнайы 30 жылдықмедальмен марапатталды.
Сөз алған «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының басшысы Дархан Өте лицейлердің тарихы олжаға толы, алайда, келешекте одан да зор жетістіктер күтетінін жеткізді. Сондай-ақ БИЛ қорының қолдаушыларына алғыс айтып, құрмет көрсетті.
Құттықтау сөзге БИЛ-дің алғашқы құрылтайшыларының бірі, белгілі математик Асқар Жұмаділдаев та шықты. Ол лицейлердің жетістігінің артында білім ұясының ұжымы да үлкен үлес қосып жатқанын атап өтіп, бір топ ұстаздарды марапаттады.
«Altyn Qyran Foundation» қоры төрағасы Исламбек Салжанов та өз құттықтауын жеткізіп, «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтетін «Жарқын болашақ» олимпиадасына «Altyn Qyran Foundation» қоры демеушілік ететінін мәлімдеді.
Мерекелік кеште бұдан бөлек, лицей оқушылары, 17 жастар театры, «Алатау серілері» тобы, Қайрат Нұртас және тағы басқа өнерпаздар сахна көркін кіргізді.