14 қыркүйек Қазақстан астанасында өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп діндер көшбасшылары жиынының маңызына тоқталды.

Жиын дұға жасау үшін бір минуттық үнсіздіктен басталды.

“Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі” атты пленарлық отырысты ашқан мемлекет басшысы Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын бірге жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін атап өтті. Президент Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке, ең көне Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайебке, Орыс православ шіркеуінің өкілдеріне, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лауға, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифке және форумның барлық қатысушысына өзінің ілтипатын білдірді.

“Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды.  Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында, – деді президент.

Әлем және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде сөйлеп отырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 14 қыркүйек, 2022 жыл.

“Біз цифрлық технологиялардың әсерімен қоғамның бөлшектеніп, көзқарастар қайшылығы күшейе бастағанын байқап отырмыз. Виртуалды әлем көптеген адам үшін шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек. Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу, – деді Қазақстан президенті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз