Тоқаев “әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы” жарлыққа қол қойды

0
359
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Photo: Bort #1

7 наурыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы” жарлыққа қол қойды. Құжатта “Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін” деп жазылған.

Жарлық бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет “әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу”, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі “қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу”, аудан әкімі “әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу” өткізуі тиіс.

Әкім кездесулерінің “икемді жылдық” күнтізбесі “қажет болған жағдайда” тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсынылуы қажет.

Сонымен қатар, әкім “халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде” халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс болады.

Құжатта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың “төрттен бірден аспайтын бөлігін” баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты “сұрақ-жауап” форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен “халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия” құрады.

“Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын” делінген жарлықта.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда тіркелген оппозициялық партия жоқ, соңғы жылдары бірде-бір жаңа партия тіркеуден өтпеген. Соңғы кезде “парламенттік оппозиция” ұғымы енгізіліп, парламентке өткен президентшіл партиялардан “саяси оппозиция жасауға” талпыныс байқалған. Ал үкіметке, аймақ басшыларына қарсы пікір айтатын белсенділер жиі қудаланады, әкім жиындарына жергілікті белсенділер қатыстырылмай жатады. Сондықтан құжаттағы “оппозиция өкілдері” деген кімдер екені түсініксіз.

Әкімдер бұған дейін де “халықпен кездесу жиындарын” өткізіп келген. Бірақ ол жиындар көбіне ұзақ баяндама, алдын ала дайындалған сұрақтар түрінде өткізіліп, халықтың сынына жиі ұшырайтын. Дайындалған адамдар жиын өтетін орындарға күні бұрын келіп, белсенділерге орын жетпей қалатын кездер де болған. Жаңа ереже бұл олқылықтың орнын қалай толтырады, ол жағы белгісіз.

Бұған қоса, жарлықта көрсетілген “Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдары” не екені де нақтыланбаған. Бұрынғы жиындарда көбіне президент жарлығы, үкіметтің жаңа бағдарламасы сияқты құжаттарды насихаттауға басымдық берілетін.

Елде облыстардың және республикалық маңызы бар қала әкімдерін президент тағайындайды. Одан төмен деңгейдегі әкімдерді жоғары тұрған әкімдер қызметке қояды. Сондықтан әкімдер халықпен кездесуге мүдделі емес деген сыни пікір жиі айтылады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз