12 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елдің үш аймағындағы — Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы төтенше жағдай режимі тоқтады.
Президенттің сәрсенбі күні жариялаған жарлығына сәйкес, аталған аймақтардағы төтенше жағдай режимі 13 қаңтарда таңғы сағат 7-де тоқтайды.
2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық Қазақстанның өзге қалаларына жайылған. Алматыда наразылықтың соңы қантөгіске ұласты. Өзге аймақтарда да адамдардың қаза болғаны хабарланды. Қаңтар оқиғасында қанша адамның қаза болғаны туралы нақты мәлімет жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі 164 адамның опат болғанын хабарлады, бірақ ведомство кейін жоққа шығарды. Әлеуметтік желіде туыстары немесе таныстарын іздеп жүрген хабарламалар тарап жатыр.
ІІМ мәліметінше, “антитеррористік” операциялар барысында Алматыда “тәртіпсіздікке қатысқан” ондаған адам қаза болған. Билік тәртіпсіздік кезінде күштік құрылымның 18 өкілінің қаза болғанын айтты.