4 сәуірде төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы 285 елді мекенді су басу қаупі барын хабарлады.
“Өткен тәулікте өңірлер аумағында жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күштері Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 144 379 м3 еріген қар суын сору жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе облыстарында инертті материалдары бар 7 961 инертті материал салынған қап төселді. Батыс Қазақстан облысында 250 м2 алқапта өзендерде мұз кесті”, – делінген министрлік хабарламасында.
Батыс Қазақстан облысында авариялық-құтқару жұмыстарына Маңғыстау және Атырау облыстарының ТЖД күштері мен құралдары жеке құрамнан 92 адам, 13 бірлік техника, 2 жүзу құралы және 6 мотопомпа жұмылдырылған.
Қазір Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының су басқан 54 тұрғын үйі мен Ақтөбе облысының 72 саяжай үйі бақылауда тұр.
Өткен тәулікте Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 773 адам эвакуацияланған. Олар уақытша эвакуациялау пункттері мен туыстарының үйіне орналастырылған.
ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Жақсыбай ауылынан Орал қаласына 2 жүкті әйел жеткізілген.
БҚО-да 99 тұрғын үйді, Ақтөбе облысында 57 саяжай үйін және 21 аула аумағын су басқан.
Ақтөбе облысының республикалық маңызы бар жолдарының 2 учаскесінде, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарының облыстық және жергілікті маңызы бар 14 учаскесінде су тасып жатыр.
ТЖМ мәліметінше, осы жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, ҰҚК ШҚ, ЖАО 2 229 адам, 489 бірлік техника, 238 су айдау құралы және 27 жүзу құралы жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖМ жеке құрамынан 974 адам, 117 бірлік техника, 145 су айдау құралы, 21 жүзу құралы бар.