Еңбек министрі Светлана Жақыпова, зейнетақы жинағына ақша аудармай жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың зейнетақысы қалай тағайындалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша қазақстандықтар, зейнетақы қорына ақша аудармаса да, мемлекет келешекте базалық зейнетақы төлейді.
«Егер азаматтардың бірыңғай зейнетақы қорына аударған жарналары, аударымдары болмаса, мемлекет оларға да базалық зейнетақы төлеуден бас тартпайды. Базалық түрде көмегін береді», – дейді министр Жақыпова.
Мұндай санаттағы адамдар зейнетке шығуына 3 жыл қалғанда зейнетақы жарнасын жоғары көлемде төлей бастайды.
«Зейнетақының мөлшері кейінгі 3 жыл бойы аударылған жарналардың орташа кірісінен есептеледі. Сондықтан қазір қазақстандықтар зейнет жасына үш жыл қалғанда аударымдарды белсенді жолдауға үйреніп алған. Соған қарағанда, біз өзімізді өзіміз алдап отырмыз. 1988 жылдан бері жарнасын тұрақты аударып келе жатқан азаматтар артылған сомаға баспанасын алып, денсаулығын түзеп жатыр. Менің айтарым, жұмысқа тұрған кезде еңбек шартын жасау керек. Нақты түрде аударымдарды уақтылы аударылғанын қадағалау керек», – дейді министр.
Осыған байланысты қолданыстағы зейнетақы мөлшерін тағайындау тәсілі алдағы уақытта өзгертілмек.
«Тағайындау тәсілін өзгертіп, 1998 жылдан бастап немесе кейінгі 25 жылдағы аударым көлеміне байланысты тағайындалады деп жазамыз. Ал негізінен сексенінші жылдары туған азаматтарға жаңа тәсіл енгіземіз. Олардың зейнетке шығуына дейін әлі уақыт бар ғой. Сондықтан олар қазірден бастап жарналарды тұрақты аударып отыруы керек. Яғни, оларға кейінгі үш жылдағы аударымдардың өлшемі емес, кейінгі 25 жылдағы аударымдары есепке алынады», – деді Светлана Жақыпова.