Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный командасының Youtube каналында жарияланған зерттеуінде Қазақстан президенті Қасым-Жомат Тоқаевтың ұлы Тимур Тоқаев пен бұрынғы әйелі Надежда Тоқаеваның Мәскеуде пәтерлері бары айтылады. Жылжымайтын мүліктердің Ресейдегі мемлекеттік базадан жасырылғанын Навальный командасының Youtube каналына сілтеме жасап Азаттық сайты хабарлады.
2 желтоқсанда жарияланған зерттеудегі дерекке сай, Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің Мәскеудегі пәтерлері Ресейдегі жылжымайтын мүлік базасы – “Росреестрден” жасырылған.
“Росреестрдегі” деректе Тимур Тоқаевтың Мәскеудегі Хамовники ауданы Усачев көшесіндегі көпқабатты үйде аумағы 198,6 шаршы метрлік пәтері бары көрсетілген. “Росреестерде” 2010 жылы тіркелген бұл пәтер туралы дерек қазір базада жасырылған.
Ал Надежда Тоқаеваның Мәскеудегі Мещанский ауданы Последний көшесінде аумағы 167,3 шаршы метр пәтерінің дерегі “Росреестрге” 2003 жылы тіркелген. Навальныйдың зерттеу тобы қазір бұл жылжымайтын мүлік жайлы дерек базада жоғын айтады.
“Бұл базада біздің (ресейліктердің – Ред.) мүддеміз, Ресейдің мүддесі сақталған. Ондай болса бұл базадан Қазақстан президенті Тоқаевтың отбасының элиталық пәтерлері неге жасырылған?” дейді зерттеу авторлары.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің шетелдегі пәтерлері жайлы алғаш рет айтылды. Ақорда сайтындағы президент өмірбаянында оның тек “ажырасқаны” ғана жазылған.
Ал ашық дереккөздерде тараған деректерде “Тоқаевтың бұрынғы әйелі ресейлік Надежда Давыдовна Тоқаева ” деп көрсетіледі. Екеуінің қашан ажырасқаны жайлы дерек жоқ. Тоқаевтың отбасы, баласы жайлы дерек өте аз, көп айтыла бермейді.
Мәскеуде білім алған 68 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурыздан Қазақстан президенті қызметін атқарады. Оны президенттікке Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған.