19 қазан күні Астанада “Инвестиция – жастарға. Ешкімді тыс қалдырмайық” атты халықаралық конференция басталды.
Жер бетіндегі жас буын өкілдерінің 65 пайызы Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Орталық Азия елдерінде тұрады. Болжам бойынша, демографиялық өсімнің азайуына байланысты бұл көрсеткіш алдағы он жылдықта азайып кетуі мүмкін. Сондықтан, болашақ қоғамға инвестиция құйып, қолдау көрсету бүгінгі күннің өзекті мәселесі, – дейді сарапшылар.
Бүгінгі конференцияда мектеп жасына дейінгі, жұмыссыз, көмекке мұқтаж жастар мәселесі талқыланады. Сонымен қатар, физикалық және психикалық қолдауды қажет ететін, азаматтығы жоқ босқын, адам саудасының құрбандары және еңбекші-мигранттардың жағдайы да назардан тыс қалмайды. Сол себепті де конференция алғысөзі «ешкімді тыс қалдырмау» деген атпен ерекшеленуде.
Жиын басталар тұста сөз алған Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин кез келген мемлекетте географиясы, саяси бағыты, дәстүрінен бұрын жастардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, бүгінде бүкіл әлем тұтынып отырған Google, Microsoft, Youtube, Facebook секілді құбылыстарды 20-30 жас аралығындағы адамдардың еңбегі екендігін мысалға келтірді.
Көлемді жиынды Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі және Қазақстан Республикасы Әлеуметтік даму министрлігі ұйымдастырды. Сонымен қатар, Азия халықтары және даму қауымдастығы мен Жапония үкіметінің ықпалымен БҰҰ халық қоры мұрындық болды.
Екі күнге жоспарланған конференция 20 қазан күні аяқталады.