Жаяу жүргіншілерге қатысты ереже өзгереді

0
120
Photo: Polisia.kz

Жол қозғалысы қағидалары, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа ережеге сәйкес, бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде жаяу жүргінші жол қиылысында қозғалысын бастап қойған жүргізушіге қозғалысын аяқтау үшін жол беруі керек. Өзгеріс ереженің «Жаяу жүргіншінің міндеттері» деп аталатын 3-тарауына енгізілмек.

«Жаяу жүргіншілер жүріс реттеліп тұратын жерлерде – реттеушінің сигналын немесе жаяу жүргіншілер бағдаршамын, ал ол болмағанда, көлік бағдаршамын басшылыққа алады. Сондай-ақ бағдаршамның немесе реттеушінің рұқсат беру сигналы қосылған кезде жаяу жүргінші жол қиылысы арқылы бұрын бастаған қозғалысты аяқтау үшін көлік құралдарына жол береді. Бұл норма реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтетін жаяу жүргіншілерге қойылатын талаптарды күшейтуге мүмкіндік береді. Себебі қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер көбінесе өз қауіпсіздігінің аспектілерін елемейді және көлік құралдарының бұрын бастаған маневрін аяқтағанына көз жеткізбестен бағдаршам сигналы бойынша жолға шығады», – деп жазылған ішкі істер министрі бұйрығының жобасында.

Айта кетсек, ҚР Ішкі істер министрінің «Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрық жобасы Ашық НҚА-да жарияланған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз