Жеке ғимарат иемденген елордалық мектептер

0
426

Әсет Исекешев жаңа мектептерге ғимарат бөлуге байланысты бірқатар шешімдер қабылдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Соңғы 7 жылда елордада орта білім беру саласында оқитындар саны 2 есеге өсіп, 143 мыңнан астам оқушыны құрады.

Осы ретте елорда әкімдігі қала инфрақұрылымының қарқынды дамып жатқандығын есепке ала отырып 2018 жылдың өзінде 7 мың орындық 6 мектеп пайдалануға беріледі. Алда 24 мектеп пен мектептерге жапсарлас 10 ғимараттың құрылысы жоспарланған.

10 жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан № 60 мектеп-лицейдің жүктемесіне қатысты мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Мектептің көрсеткіші өте жоғары, алайда ондағы негізгі проблемалардың бірі жүктеменің көптігі. Өткен жылы ол мектепте 3558 адам оқыса, қазіргі таңда оқу үшін 300 бала құжат тапсырған.

Әкімнің қатысуымен өткен кездесу барысында Күмісбеков көшесі мен Абай даңғылының қиылысында орналасқан жаңа мектептің ғимаратына қатысты білім басқармасының шешімі қайта қаралған болатын. Енді 1200 орынға лайықталған оқу орны № 60 мектеп-лицейге тиесілі болмақ. Осылайша елордада № 60 мектептің ғана емес сол ауданда орналасқан № 1 және № 35 мектептердің жүктемесін төмендетуге септігін тигізіп, бірнеше ғимаратты біріктіретін алғашқы мектеп кластері құрылмақ.

Сонымен бірге, Білім күні қарсаңында дарынды қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейінің оқушыларын да жағымды жаңалықпен қуантты. Бұдан бұрын хабарланғандай, оқу орнының ашылғандығына 15 жыл болса да, оған жеке ғимарат бөлінбеген еді.

Ата-аналардың арызын тыңдаған және де ауданның дамуын есепке қоса алған әкім 188 көшеде жақында ғана бой көтерген мектепті дарынды қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейіне беруді ұйғарды.

Сонымен қатар, мектепті кірме жолмен қамтамасыз ету, 187 көшеде жол құрылысы жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Аталмыш жол мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің аулаларына кіруге мүмкіндік беретін қосымша жолмен қамтамасыз етпек. Мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз