Жетістік кілті үштікте: ұстаз, оқушы, ата-ана!

0
952

Заманға сай білім беру болашағы жарқын ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Осындай миссияны өз деңдейінде атқарып жатқан Елордадағы «Spectrum» Халықаралық мектебі деп айтуға толықтай негіз бар. Биыл алғашқы түлектерін түлеткен білім ордасының аз уақытта жеткен жетістіктері де аз емес. Оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында мектеп директорының орынбасары Нұх Өздин мырзамен сұхбаттасқан болатынбыз.

Kazaknews.kz: Қайырлы күн Нұх мырза! Алғашқы сұрақты мамандығыңызға байланысты қойғым келіп отыр. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мұғалімдік мамандықты қалай таңдадыңыз? Не түрткі болды?

 – Мен Түркияның Кайсери қаласында дүниеге келдім. Кайсери халқы ақша мен сауда-саттықты қатты жақсы көреді. Соңғы сыныпқа дейін мұғалім боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бала кезгі арманым тіс дәрігері болу еді. Адам баласында отыз екі тіс болады. Соның әйтеуір біреуінде кінәрат болмай қоймайды. Болашақта қалталы дәрігер боламын деген ойлар да келетін. Мектеп бітуге таяғанда танысқан мұғалімдерім мені баурап алды. Солар секілді ұстаз болуды қаладым. Мұғалімдіктің қоғамды алға сүйреуде өте маңызды мамандық екеніне, әрі қолымнан келетіндігіне көзім жетті. Жоғарғы оқу орнына түсерде жинаған ұпайым тіс дәрігері мамандығына жететін еді. Алайда мен ұстаз боламын деп шештім қабылдадым.

Kazaknews.kz:  Бүгінгі таңда екінің бірі химияны таңдай бермейді. Бұл пән сізді несімен баурап алды?

– Мектепті жаратылыстану бағыты бойынша оқыдым. Математика іш пыстыратын, биологияда жаттайтын дүние көп, физика да өзіме ауыр келді. Химия қайнаған өмірді түсіндіре алады деп топшыладым. Жоғарыдағы пәндерге қарағанда химияны қатты жақсы көрдім. Су, жанармай, көмір, пластик, қағаз, әйнек, темір, мыс, болат күнделікті өмірде қолданатын дүниелер. Барлығын ескере алмасақ та әр күні ағзамыздағы жүз триллион жасушада химиялық зат алмасу жүріп жатқандығын ескеруіміз тиіс.

Kazaknews.kz: Мұғалімнің бойында табылуы қажет ең маңызды қасиет қандай деп ойлайсыз?

 – Менің түсінігімде мұғалім тек мамандығы мен сабағын ғана емес, оқушыға өмірді де үйрете алуы тиіс. Ұстаз оқушылар үшін үлгі. Сондықтан мұғалім қоғамға үлгі болумен қатар, кемел адамгершіліктің иесі.  Өз ісінің маманы әрі сенімді, жомарт, көмекке жаны құштар болуы қажет. Жағымсыз қасиеттер бой көрсетпеуі тиіс. Жаңа дүниелерге әрдайым ашық, соңғы технологияларға байланысты өзін әрдайым жетілдіріп отырса игі. Білім алу, үйрену өмір бойы жалғасатын құбылыс. Демек мұғалім ешқашан зейнеткер болмақ емес. Мектепте ісі біткенімен көшеде, ел арасында да мұғалім болып қала бермек.

Kazaknews.kz: Spectrum мектебі Қазақстандағы ең үздік 10 мектептің қатарында. Қысқа уақыт ішінде мұндай жетістікке қалай жеттіңіздер?

– Менің ойымша, Spectrum Халықаралық мектебінің қуатты болуы қызметкерлерінің арқасы. Себебі оқытушыларды таңдауда ыждаһаттылықпен ден қоямыз. Өз ісінде тәжірибелі, таным көкжиегі терең, адамгершілігі мол шет тілді мамандармен жұмыс жасап жатырмыз. Мысалы келесі оқу жылына жаңа мұғалімдер алу үшін 250-ден астам оқытушымен кездестік. 50-ге жуық оқытуышыны іріктедік. Арасынан 5 мұғалімді жұмысқа аламыз деп шешім қабылдадық.  Айта кететін бір жайт, жетістік мұғалім, оқушы, ата-ана деген үштіктің жұмыла жұмыс жасауының нәтижесінде болатынына сенеміз. Мұғалімдеріміз сабақ уақытында ғана емес, сыныптан тыс қосымша сабақ жүргізеді. Сондай-ақ емтихандарға дайындықта да шәкірттерінің қасынан табылады. Мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы байланыс та өте жақсы. Ата-аналар қалаған уақытта кез келген мұғаліммен кездесіп мәселені талқылай алады. Мектебіміз аз уақыттың ішінде  CIS, ECIS, NEASC Cambridge Assessement және Cambridge International сияқты халықаралық құрылымдардың мүшесі атанып үлгерді.

Kazaknews.kz: Мектептің басқа халықаралық мектептерден айырмашылығы қалай?

– Мектебіміз Spectrum International School-дың үлкен айырмашылығының бірі жаңашылдыққа ұмтылуында. Мысалы келесі жылдан бастап бағдарламаға жаңа бес пән енгізгелі жатырмыз. Олар: English as first language, English literature, Global Perspectives, Mechanics and French. Бұл сабақтар мектебімізді жаңа деңгейге көтереді деген үмітіміз мол. Сонымен қатар бұл сабақтар болашақта түлектеріміз үшін жоғарғы оқу орнын таңдар алдында қосымша мүмкіндік болмақ. Алдағы жыла оқушыларымыз Лондондағы білімпаздардың дәрежесінде ағылшын тілін үйрене алады. Жыл соңында Cambridge емтихандарын тапсырады.

Тағы бір ерекшелігіміз оқушыларды халықаралық дәрежеде білім берумен қатар өз салт-дәстүрін дәріптей алуы үшін де жұмыс жасаудамыз. Мектебімізде ерекше қазақ тілі сыныбы бар. Сондай-ақ қазақ тілі апталығы өте жоғары деңгейге өтеді. Наурыз секілді мерекелерді оқушыларымызға дәріптеуге үлкен мән береміз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдеттегі мектептердегідей оқытылады. Қоса кететін бір жайт Spectrum Халықаралық мектебі WSC Astana Round олимпиадасын қатарынан 4 жыл өзі ұйымдастрып келеді. Бұл жылы жарысқа 600 ге жуық адам қатысты. Ең маңызды артықшылығымыз Астана қаласында Cambridge A Level бойынша оқытатын тек Spectrum Халықаралық мектебі.

Kazaknews.kz: Бір ай бұрын «PR4U» компаниясының ұйымдастырған ASEC бағдарламасы бойынша Германия білім жүйесімен танысу мақсатында 15 кісіден құралған делегация бір апта бойы балабақша, мектеп, колледж, университеттерді аралады. Барған оқу орындарынан Spectrum мектебімен ұқсастық байқадық. Ортақ тəжірибе алмасу бар ма? Халықаралық мектептермен байланыстарыңыз қалай?

 – Басқа халықаралық мектептердің атқарып жатқан жұмысы біз үшін өте маңызды. Дәрежемізді бақылап отыру үшін әрдайым ізденіс үстіндеміз. Америка, Қырғызстан, Румыния және Филиппинде халықаралық мектептерді аралайтын жұмыс жүйесі жайлы ақпарат алдық. Бұл жобалар келешектің еншісінде.

Ал халықаралық мектептермен дәстүрлі алмасу бағдарламалары арқылы байланыс орнатып жатырмыз. Мысалы өткен жылы Индонезиядан бір халықаралық мектеп оқушыларын біздің оқушылар мен ата-аналар үйлерінде қонақ етіп Астананы, Қазақстанды таныстырды. Біраз уақыт өткен соң әлгі оқушылар біздің мектептен барған топты қонақ етті. Осы жылы мақсатты түрде Астанадағы барлық халықаралық мектептерді араладық. Достық әрі танысу мақсатымыз тәжірибе алмасуға ұласты. Астанадағы халықаралық мектептердің COASH ұйымының қатарындамыз және барлық іс-шаралардың белсенді қатысушысымыз деп нық сеніммен айта аламын.

Әр түрлі бағытта ұйымдастырылатын жиындарда біліммен қатар құнды тәжірибе алмасу жүзеге асып жатыр. Осындай ұйымдардың ұйымдастыратын жарыстары оқушыларымыздың қабілетін одан сайын дамыту үстінде.

Kazaknews.kz: Биыл бірінші түлек шығардыңыздар. Түлектеріңіздің болашағы жайында не ойлайсыз?

– Оқу ордамыздың аты өзгергеннен кейінгі бірінші түлектеріміз айтарлықтай жетістікке жетті. 2 шәкіртіміз оқуын алтын белгімен тәмамдады.  Оқушыларымыздың дені шет елдерде, әсіресе Еуропа мен Америка жоғарғы оқу орындарында білімін жалғастыруды көздеп отыр. Көбі Nanyang Technological University, Queen’s University Belfast және University of Acron сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы білім ордаларынан шақырту алды. Шәкірттеріміздің IELTS емтиханынан алған орталама ұпайы 7. Түлектеріміздің бірі Нұрбақыт Мәдібеков Халықаралық ICT Олимпиадасына 4 оқушыдан құралған топтың қатарында. Бұл құрама Жапония елінде өтетін IOI олимпиадасында Қазақстанның әрі мектебіміздің атынан бақ сынамық. Шәкірттеріміздің басым бөлігі шет елдерде оқыса да елімізге оралып оны дамыту жолында жұмыс жасайтынына сенемін.

Оқушыларымыз мектеп бітірерде Spectrum-ды қимайтындықтарын айтты. Өйткені оқу ордамыз барлық оқушыларға бір отбасы секілді ыстық ұя бола білді. Түлектеріміз және басқа да оқушыларымыздың жетістігін жалғастырулары үшін әрдайым көмек қолын созуға, жандарынан табылуға дайынбыз.

Kazaknews.kz: Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет. Алдағы оқу жылында тек сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан журналист,

Әбді Сейітұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз