Шетелдік туристер үшін Түрік кеңесімен бекітілген Жібек жолы туристік бағдары бойынша «Жібек жолы» визасын ұсынылмақшы. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркі кеңесі аясында туризм министрлерінің төртінші кездесуі барысында мәлімдеді.
«Ұлы Жібек жолы бойынша Түркі кеңесі бекіткен туристік бағытқа ортақ визалық режим мәселесін шешуіміз қажет. Туристік мақсаттағы «Ұлы Жібек жолы» визасы Еуропа елдеріне ортақ «Шенген» визасының баламасы болар еді. Осылайша, шетелдік туристерге ежелгі қалаларымызды көрсетіп, ұмытылмас әсер сыйлай аламыз», – деді министр.
бүгінде еліміз визалық-миграциялық режимді ырықтандыруға көңіл бөліп отыр. «Қазіргі уақытта 61 мемлекеттің азаматтары қазақстандық визаны алудан босатылды. Одан бөлек, 48 елдің азаматтарына туристік виза берерде шақыруды рәсімдеу талап етілмейді. Қытай азаматтарына топтық туристік визалар беру қолға алынды. Дәл осындай келісім Иран мемлекетімен жүргізіліп жатыр. Астана мен Алматы әуежайларында Қытай мен Үндістан азаматтарына 72 сағаттық транзиттік виза беріледі», – деп еске салды Арыстанбек Мұхамедиұлы.