Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шекарада шектеулерді күшейту туралы шешім қабылдады.
Ел аумағында тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер және олардың отбасы мүшелері мен Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктерге мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібіне өзгерістер енгізіледі.
“Аталған санаттағы тұлғалар Қазақстанның мемлекеттік шекарасын 90 тәулікте бір реттен артық кесіп өте алмайды (бұрын 30 тәулік болған)”, – делінген үкімет сайтында.
ВАК 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұруды 2021 жылдың 1 мамырына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
“Қытай мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушылардың Қазақстан аумағында 72 сағат визасыз жүруді тоқтата тұру 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылсын”, – делінген премьер-министр сайтында.
Осы жылдың 9 қарашасынан бастап Түркиямен халықаралық әуе рейстері санын аптасына 33-тен 20-ға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды.