15 қараша күні Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 588 науқас анықталды. Ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (197) тіркелген. Бір күнде 301 адам жазылды. Бұл туралы 16 қараша таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысында – 57, Қостанай облысында – 51, Павлодар облысында – 49, Нұр-Сұлтанда – 44, Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында әрқайсысында 42 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жексенбі күні бірде-бір науқас тіркелмеген.
Қазақстанда наурыз айынан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар 121 051 адамға жетті: 109 мыңнан астамы жазылған. 8 мыңға жуығы емделіп жатыр, 1924-і қайтыс болған. Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған бірақ “ілеспе аурудан қайтыс болды” деген жүздеген адам кірмейді.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға есебі 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы статистикасы (коронавирустың ПТР тестімен расталмаған кейстері) да қосылмаған. 15 қарашадағы дерек бойынша, пневмонияның бұл түрі тамыздан басынан бері 40 149 адамнан анықталған, 418-і қайтыс болған.