АҚШ пен Германия компаниялары бірігіп әзірлеген коронавирусқа қарсы Pfizer/BioTech вакцинасы Қазақстанға осы жылдың екінші жартысында келуі мүмкін. Бұл туралы елдің бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты.
Қиясов 1 ақпанда ауруханалардың бірінде коронавирусқа қарсы ресейлік “Спутник V” вакцинасын салдыртқан.
“Жылдың екінші жартысында Pfizer де Қазақстанға келіп қалар. Алдын ала келісім бар. Pfizer компаниясымен меморандумға қол қойылған. Мәселенің жай жапсарын талқылап жатырмыз” деді Қиясов.
Елде 1 ақпанда медицина қызметкерлеріне ресейлік коронавирусқа қарсы “Спутник V” вакцинасы салына бастады. Алғашқы кезеңде инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдемде жұмыс істейтін медқызметкерлер, санэпидқызметкерлерге дәрі егіледі.
Қазақстан Ресейдің “Спутник V” вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсамақ.