17 қараша күні Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 682 науқас анықталды, бір күнде 453 науқас дерттен айықты. Бұл туралы 18 қараша таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Сейсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (230) тіркелген. Нұр-Сұлтан қаласында – 79, Солтүстік Қазақстан облысында – 74, Павлодар облысында – 61, Қостанай облысында – 58, Ақмола облысында – 41 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда облысында бір тәулік ішінде бірде-бір науқас тіркелмеген.
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары соңғы бірнеше күнде коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты “сары аймаққа” енген.
Елде наурыз айынан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар 122 335 адамға жетті: 109 мыңнан астамы жазылған. 9 мыңнан астамы емделіп жатыр, 1952-і қайтыс болған. Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған бірақ “ілеспе аурудан қайтыс болды” деген жүздеген адам кірмейді.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға есебі 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы статистикасы (коронавирустың ПТР тестімен расталмаған кейстері) да қосылмаған. 17 қарашадағы дерек бойынша, пневмонияның бұл түрі тамыздан басынан бері 40 220 адамнан анықталған, 421-і қайтыс болған.