Оскфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы бірігіп жасаған коронавирустың жаңа түрінен қорғайтын вакцина 70 пайыз тиімді екенін көрсеткен.
Сынақ барысында еріктілерге екі түрлі жолмен вакцина егіліп, нәтижесі әртүрлі болып шыққан.
Бірінші жағдайда шамамен 3 мың адамға жарты доза егілген, бір айдан соң толық салынған. Мұндай амал 90 пайыз тиімді екенін көрсеткен.
Екінші жағдайда еріктілер бірден толық дозаны қабылдап, бір айдан кейін осы процедура қайталанған. Бұл амал 62 пайыз тиімді екенін көрсеткен.
Осылайша екі тестің нәтижесін біріктіріп, орташасын шығарғанда AstraZeneca компаниясының коронавирус вакцинасы 70 пайыз тиімді екенін көрсетті деуге болады. Компания таратқан хабарламада вакцинаның +2 мен +8 градус аралығында сақтала беретіні, вакцина салуға ерекше жағдай керек еместігі айтылған.
AstraZeneca компаниясы өнімді пайдалануға рұқсат етілсе, 2021 жылы 3 миллиардқа дейін өндіруге дайын екенін айтып отыр.
Бұған дейін Pfizer дәрі-дәрмек компаниясы Covid-19 індетіне қарсы сынақтан өтіп жатқан вакцинасы коронавирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеген. Бірақ бір кемшілігі – ол -80 градуста сақталып, тасымалдануы тиіс.
Қараша айында америкалық Moderna компаниясы да вакцинасының коронавирустан 94,5 пайыз қорғай алатынын көрсетті деген.
Ресейдің Гамалея атындағы институты Спутник V вакцинасы вирустан 92 пайыз қорғай алады дейді. Дегенмен ресейлік вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңін аяқтамаса да, тіркеуден өткізілген.
Moderna вакцинаның әрбір дозасы 25-37 доллар аралығында болады деп отыр. Pfizer вакцинасының дозасын 18 долларға бағалайды. Спутник V жасаушылар вакцина дозасы бұдан да арзан болады деп отыр. Ал AstraZeneca вакцина құны бәсекелестері айтқан бағадан арзан болады деп мәлімдегенмен нақты бағасын айтпады.