Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт көбейді. 29 маусымда 2016 адамнан коронавирус анықталды. Науқастардың жартысына жуығы Нұр-Сұлтан мен Алматыдан тіркелген.
Бір күн бұрын 1300-ден астам адамның коронавирус тесті оң шыққан еді. Ресми мәлімет бойынша, елде соңғы рет 2000-нан астам науқас 22 мамырда тіркелген.
Елде “үндістандық штамның” таралып жатқаны жайлы ақпарат шыққалы бері коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі өткен аптадан бері науқастар 39 пайызға ұлғайғанын хабарлаған.
Сейсенбі күні Нұр-Сұлтанда 678 адамнан коронавирус анықталды. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Қарағандыда – 302, Алматыда – 253, Батыс Қазақстан облысында – 126, Шымкентте 103 науқас тіркелген. Қалған облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді.
28 маусымда 83 адамнан пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі (коронавирус пневмониясы) анықталған. Бір күнде 13 адам коронавирустан қайтыс болған.
Былтыр наурыз айынан бері елде 423 137 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 4 349 адам қайтыс болған. 1 тамыздан бері 57 025 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 3 446-сы қайтыс болған.
Қазір 23 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Басым бөлігінің ПТР тесті оң шыққан.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бірінші дозасын алғандар 3 млн 335 мың адамға жетті. 2 млн адамға вакцинаның екі дозасы салынған. Елде жалпы вакцинаның 5,2 млн дозасы пайдаланылған.