16 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес бойынша жиында елде ресейлік вакцинаны дайындайтын зауыт салу жоспары туралы айтты.
“Ресей президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті” деді ол.
Бұған дейін Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина – Sputnik V және “ЭпиВакКорона” екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Қазақстан мен Ресей Sputnik V жеткізу туралы келісімге де келген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қарайды. Sputnik V екпесін алған кейбір еріктілерден коронавирус табылған.
16 қарашада америкалық Moderna компаниясы сынақтан өтіп жатқан коронавирус вакцинасы Covid індетінен 94,5 пайыз қорғай алатынын көрсеткенін хабарлады. Moderna екпесі – сынақтың үшінші кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен екінші вакцина.
9 қараша күні америкалық Pfizer және германиялық BioNTech дайындап жатқан вакцина сынақтың үшінші кезеңінде вирустан 90 пайыз қорғай алатынын көрсеткен. Қазір әлемде он шақты вакцина сынақтың үшінші кезеңінде.