Астанада тұңғыш рет ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті басталды

0
319

Бүгін Астанада тұңғыш рет Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) бірінші ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті бастау алды.

Саммитке  келген  Ислам елдері басшылары мен өкілдерін Тәуелсіздік сарайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы күтіп алды.

Саммиттің ашылуында сөз алған Қазақстан басшысы Ислам үмметінің ажырамас бөлігі саналатын Қазақстанның елордасы Астанаға келген меймандарға алғысын білдіріп, саммитті ашық деп жариялады.

Бүгінгі Ислам әлемі елдеріндегі шиеленістің ушығып тұрғанын айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы Мьянмада орын алған жайтты да атап өтті. Елбасы Ислам дүниесінің артта қалуы дінмен байланысты деген қағиданың ақиқатқа мүлдем жанаспайтынын айтып, Ислам әлеміндегі бар ғаламға танымал ғалымдардың жетістіктерін келтірді. Ғылым мен білімде Ислам үмметінің кенжелеп қалғанын мәлімдеген Елбасы ғылым салаларында Нобель сыйлығын алған мұсылман ғалымдары санының екеуден аспайтынын күйіне жеткізді. Мұсылман елдері арасында ғылым мен технология бойынша ынтымақтастықтың үлкен маңызға ие екенін алға тартқан Қазақстан басшысы, «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер» деген Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадисін тілге тиек етті.

G-20 сияқты ұйым құратын кез келді

Осы орайда Ислам ынтымақтастық ұйымының арнайы кеңесін құруға және Ортақ ғылыми-инновациялық қор құруға әбден болатынын айтты. Бұдан өзге ИЫҰ аясында ғылым мен технология бойынша алға қойылған бірнеше мақсат-міндеттерді де атап өтті. Сонымен қатар G20 сияқты ұйым құратын кез келгенін алға тартты.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш мемлекет екенін алға тартып, барлық әлем мемлекеттері соның ішінде Ислам елдері де ядролық қарудан түбегейлі бас тартса деген арманның бар екенін баса айтты. Сөз соңында Нұрсұлтан Әбішұлы 2018 жылы Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтетінін алға тартып, Ислам елдері өкілдерін атаулы шараға қатысуға шақырды.

Атап өтсек, 10-11 қыркүйек EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының бірінші ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті өтіп жатыр. Күн тәртібінде ғылым, технология саласындағы, жаһандану дәуіріндегі ИЫҰ саммитіне мүше елдердің ғылым және технология бойынша әлеуетін дамыту сынды жайттар талқыланады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз