10 қазан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІ съезін салтанатты түрде ашты.
“15 жыл бұрын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы тарихи съезі өткен болатын. Міне бүгін алтыншы рет кездесіп отырмыз. Бүгін бұған дейінгі съездерге қатысқан ескі достарымызды көргенімізге қауныштымыз. Астана бұл жылы өзінің 20 жылдығын атап өтті. Елордамыз келісім мен ынтымақтастықтың өзара құрметті әрі төзімділік рухымен ерекшеленеді. Өткен съезден кейінгі үш жылдың ішінде Қазақстан астанасында жаһандық деңгейдегі маңызды іс-шаралар өтті. Елордада қабылданған шешімдер халықаралық маңызға ие болды. Себебі олар бітімгершілік пен әріптестік, толеранттылық, шығармашылыққа толы болды. Осының барлығы өте маңызды. Өйткені әлем өкінішке қарай, турбуленттік жай-күйді кешіп отыр”, -деді Назарбаев.
«Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбындағы 6 съездің ашылу рәсімінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған хор «Ақ көгершін» әнін орындады. Жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысуда. Съездің мәртебелі мейманы – Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич.
Алтыншы съезд аясында «Әлем ХХІ ғасыр» манифесі» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Құбылмалы геосаяси жағдайдағы діндер: адамзатты біріктіруге арналған жаңа мүмкіндіктер», «Дін жаһандануы: сын-тегеуріндер мен жауаптар», «Дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында» атты төрт бағыт бойынша секциялық отырыстар өтеді.
Жадыра Аманбайқызы