Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезінде дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Ватиканның Папа Кеңесіне съездің алғашқы жүлдесін табыстады.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті: Форумды қолдау бағытындағы үлкен жұмыс үшін баршаңызға үлкен алғыс білдіремін. Дін аралық диалогқа қосқан үлесі үшін Ватиканның Папа Кеңесіне алғашқы жүлдені табыс етуге рұқсат етіңіздер.
Сонымен қатар дін лидерлерінің съезі барысында көптеген ескерткіштер мен медальдар табыс етілетін болады.
Бүгін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды. Съезге әлемнің 46 елінен 80-нен астам делегаттар келді. Дін өкілдері қатарында Әл-Азхардың бас имамы Шейх Мұхаммед ат-Тайеб, Жалпы исламдық ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары Әбдірахман бен-Абдолла әл-Заид, қасиетті Иерусалим, барша Палестина, Арабия, Сирия, Иордания, Қасиетті Сион және Галилей Канының қасиетті әрі құрметті Патриархы Феофил ІІІ, Израильдің сефардтық раввины Ицхак Йосеф, Қытай буддистері Ассоциациясы Өкілінің орынбасары Чунь И, Заратуштра мәдени мұрасы Дүниежүзілік Кеңесінің президенті Хоми Буржор Дхалла бар.
Аталған шара алғаш рет Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде өткізілген болатын.