СІМ: Оңтүстік Кореяда 12 мың қазақстандық заңсыз жүр

0
82

Бүгінгі таңда Корея Республикасында 12 мың Қазақстан Республикасының азаматтары заңсыз жүр. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. 

ҚР СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров “Біздің қазақстандық көп азамат Оңтүстік Кореяға екі мемлекет арасындағы визасыз режімге сүйеніп барып, сол жақта қалып қойып жатыр. Сондықтан, олардың қолында виасы бар, визасы бітіп қалды деп айтуға болмайды. Олар жалған ақпаратпен кіріп, жұмыс істеп, Кореяның аумағында қалып қойып жатыр. Қазіргі таңда 39 мың қазақстандық азамат Кореяға барды деген ақпарат – ол барып-қайтып келген адамдардың жалпы саны. Біздің консулдықтың ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда 19 мың қазақстандық ресми түрде тіркелген, ал шамамен 12 мыңға жуық қазақстандықтар заңсыз түрде жүр”, деп мәлімдеді. 

Бұған дейін Корея Республикасы 2018 жылдың қазан айынан 2019 жылдың 31 наурызына дейін өз аумағында заңсыз жүрген шет ел азаматтарына “Жасыл дәліз” режимін енгізгенін хабарлаған болатынбыз.

“Жасыл дәліз” шарасы аясында қазіргі уақытта Корея Республикасы аумағында 30 күннен көп жүрген және тиісті визасы немесе жұмыс істеуге рұқсаты жоқ азаматтар алты ай мерзімінде өз елдеріне тосқауылсыз оралуына болады. Бұл жағдайда оларға ешқандай айыппұл шаралары қолданылмайды. Тиісті виза алғаннан кейін Кореяға заңды түрде кіруге мүмкіндік алады. Осы орайды пайдалана отырып ҚР Сыртқы істер министрлігі Корея Республикасы аумағында заңсыз жүрген қазақстандықтарды елге оралуға шақырады.

Соңғы екі апта көлемінде Сыртқы істер министрлігіне және Сеул қаласындағы елшілікке осы мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруді өтінген қоңыраулар мен хаттар келіп түскенімен, өз еркімен отанға оралған қазақстандықтар жоқ.

Бұл тұрғыда Сыртқы істер министрлігінің өкілі “Алдағы уақытта бұл шараны ескеріп, Қазақстанға оралатындар саны көбейеді”, дейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз