Орталық атқарушы орган (министрлік) басшылары, әкімдер мен ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары бұдан былай халыққа есеп беру кездесулерін өткізетін болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізілгеннен кейін белгілі болды.
Ақорданың ресми сайтында редакция жасалған тиісті жарлық № 622 қаулымен жарияланды.
Қаулыда «Орталық атқарушы орган басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 14, 53-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін» делінген дей келе 2 тармаққа редакция жасалғаны айтылған.
Редакцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінен басқа* барлық орталық атқарушы орган басшылары жыл сайын екінші тоқсан ішінде бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi органның келісумен, республикалық телеарнада тікелей қосылып, өңірлермен бейнеконференция арқылы байланыс ұйымдастырады.
Жұртшылықпен есеп беру кездесулерін өткізуі міндеттелген басшылар, есеп барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу мен тиісті салаларды дамыту жөніндегі міндеттер туралы бұқараны хабардар етеді.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар есеп беру кездесулері өтетін күннен бір ай бұрын орталық және өңірлік медиа құралдарында, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкіметтің» веб-порталында (оның ішінде ашық деректердің интернет-порталында) есеп беру кездесулерін өткізу кестелерімен қоса, халықтың алдағы есеп беруге қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын қалай жолдай алатыны туралы ақпарат жариялайды.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар есеп беру кездесулері өтетін күннен бір ай бұрын ашық дереккөздерге (интернет-порталы және орталық, жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының блог платформасы және осыған ұқсас басқа да нысандар) келіп түскен ұсыныстар мен сұрақтарды жиналуын, талдануын және іріктелуін қамтамасыз етеді.
Орталық атқарушы органдардың басшылары есепті кездесу аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдары үшін өткізілген есепті кездесулердің қорытындылары бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг беріп, сөз сөйлеуге міндеттеледі.
*Қорғаныс, Сыртқы істер, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері былтырдан бастап тікелей ел президентінің қарауына өтуіне байланысты аталған ведомстволардың қорытындылық есептері де бұдан былай Елбасына беріледі.