“АҚШ-КХДР келіссөздерінде мүдделер арпалысы жалғасады”

0
73
AP Photo

АҚШ пен КХДР келіссөздерінде мүдделер арпалысы әлі де болады. Себебі, әр тарап ынтымақтастық тұрғысында өз ұпайын толтырғысы келеді. Саясаткер Расул Жұмалы kazaknews.kz берген сұхбатында осылай мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен КХДР басшысы Ким Чен Ынның кездесуін маңызды әрі қуантарлық жайт деген саясаткер қанша дегенмен, қос басшының өзара мәмілеге келудегі ниеті аймақтық, ғаламдық қауіпсіздік тұрғысында үлкен қадам мен алға жылжу екендігін алға тартты. Қос басшының бір кездесуімен мәселенің түйіні шешіле салмайтынын атаған Р. Жұмалы мүдделер арпалысының әлі де жалғасатынын, себебі әр тарап ынтымақтастық тұрғысында өз ұпайын толтырғысы келетінін атап өтті.

«Солтүстік Кореяның мақсаты қазіргі изоляциядан шығу. Қазіргі уақытта аталған мемлекет кедей, артта қалған, бірқатар экономикалық, әлеуметтік түйіткілдерге ұрынып отырған мемлекет, сондықтан оларға көмек қажет. Ал АҚШ-тың талап етіп отырғаны Солтүстік Кореяның жаппай қырып-жою қаруынан түбегейлі бас тартуы », – деген саясаткер Солтүстік Кореяның жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту қадамына қаншалықты баратындығы жұмбақ күйде қалып отырғандығын алға тартады. «Себебі КХДР бұл қаруды мемлекеттің қауіпсіздігіне балап отыр», – дейді Р. Жұмалы.

“Қытайдың көздегені бар”

Қытайдың АҚШ пен КХДР мәмілесіне өзара ықпалына байланысты пікір білдірген саясаткер аталған келіссөздерде Қытайдың ықтимал мақсаты барын да алға тартты. Саясаткердің сөзінше, АҚШ пен КХДР келіссөздерінің тым қарқынды жүруі Қытайдың мүддесіне қаншалықты сай келетіндігі даулы. Себебі, бұл келіссөздер қарқынды жүрсе, мұның соңы қос Кореяның бірігуіне әкеледі, дейді. «Технологиясы қарқынды дамыған Оңтүстік Корея және жаппай қырып-жою қаруына ие Солтүстік Корея бірігетін болса, әрине бұл Қытайдың аймақтағы ірі бәсекелесі болуы ықтимал. Сондықтан, Қытайдың қос мемлекет арасындағы келіссөздерге мұрындық болуында ұпай жинау, аталған үрдісті өз мүдделеріне сай ету, үрдісті толықтай өз бақылауына алу саяси мақсаты жатыр», – дейді саясаткер.

 

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз