8 желтоқсанда Қарағанды облысының әкімі болып Ермағанбет Бөлекбаев тағайындалды. Аймақ әкімін тағайындау туралы Тоқаевтың жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.
Президент ұсынысы бойынша премьер-Министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысының әкімі лауазымына бұған дейін Қарағанды әкімі болған Ермағанбет Бөлекпаев пен облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақовтың кандидатурасын ұсынды. Ашық дауыс беру арқылы мәслихат депутаттары Бөлекпаевты сайлады. Ол 138 дауыс жинаса, Аймақовқа 40 адам дауыс берді.
47 жастағы Ермағанбет Бөлекбаев Қарағанды облысы Шет ауданы Успенка ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы “Казкоммерцбанк”ААҚ Теміртау филиалында экономист болып бастаған. Әр жылдары индустрия, энергетика және сауда министрлігінде экспорттық бақылау және лицензиялау департаментінің бас маманы, директорының орынбасары, Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Павлодар ауданының әкімі, Павлодар облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы, аумақтық басқарманың басшысы – Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басқармасының Тәртіптік кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап Қарағанды қаласының әкімі болып тағайындалған.