20 мамыр күні ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласына ХІІ АЭФ қатысу үшін келген Армения Республикасының президенті Армен Саркисянмен кездесті. Бұл туралы премьер-министр сайты хабарлады.
Кездесуде экономика саласындағы қазақ–армян қатынастарының өзекті мәселелері, өзара тиімді ынтымақтастықты, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту және тереңдету перспективалары талқыланды. Тараптар атап өткендей, өзара іс-қимылға Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысын күшейту айтарлықтай серпін береді.
Елдердің нарықтарына жасалған талдау химия өнеркәсібі, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара жеткізілімдерді ұлғайту мен сауда-саттықты әрі қарай кеңейту әлеуетін көрсетті.
Армения Президенті Армен Саркисян жасанды интеллекті, энергетиканы, логистиканы, авиацияны, ғарыш саласын, аргоөнеркәсіптік кешенді, қоршаған ортаны қорғау, білім беру және туризм саласын дамыту тұрғысынан цифрландыру салалары екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге қызығушылық тудыратынын айтты.