Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісін қарап жатқан Нұр-Сұлтанның №2 Сарыарқа аудандық соты айыпталушының берген өтінішін қанағаттандырып, елдің бұрынғы премьер-министрі Асқар Маминді, қазіргі үкімет жетекшісінің орынбасары Ералы Тоғжановты және бірқатар министрлерді қорғаушы тараптың куәлары ретінде сот тергеуіне шақырды. Бұл жөнінде Елжан Біртанов Facebook’тегі парақшасына жазды.

Бұрынғы денсаулық сақтаау министрінің сөзінше, Асқар Мамин Біртановтың 2020 жылғы 13 маусымда Жамбыл облысына қызмет бабымен барған іссапарының жай-жапсары және астанаға санитарлық авиация ұшағымен оралғаны туралы айтуға шақырылған.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлерінің 2021 жылғы қазанда Хорватияның Қазақстандағы елшілігінің, “Эриксон Никола Тесла” компаниясының өкілдерімен жүргізген келіссөздерінің жай-жапсары туралы айтып беруге шақырылған.

“Дүйсенова Тамара Қасымқызы, Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, ақпарат алмасу платформасын дайындауға конкурс өткізудің, Эриксон Никола Тесламен келісімге қол қою, оған өзгерістер енгізу және 2017 жылдың қаңтарына дейін жүзеге асырудың мән-жайына байланысты. Мусин Бағдат Батырбекұлы, Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен денсаулық сақтау министрі, денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен бұйрыққа қол қою және іске асырудың… сонымен бірге Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы басқа да цифрлық жобаларды жүзеге асырудың жай-жапсары бойынша” деп жазған Елжан Біртанов.

Бұған қоса оның өтініші бойынша сотқа Дүниежүзілік банктің денсаулық сақтау саласындағы жобалар бойынша жетекші маманы Марсело Бортман, осы банктің жобалар бойынша аға маманы Жұмәділ Бақтыбек шақыртылған. Сот олардан “конкурс өткізу, сатушыны таңдау, келісімге қол қою, қосымша келісімдер, оны жүзеге асыру мерзімін ұзарту және аяқтау” жайлы сұрамақшы.

Прокуратура бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішев мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деген айып таққан. Біртанов тағылған айыппен келіспейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз