1 маусымда Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Римде Италияның сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Луиджи Ди Майомен келіссөз жүргізді.
СІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, сыртқы саяси ведомстволардың басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуді және стратегиялық әріптестік рухында шарт-құқықтық базаны нығайтуды талқылаған. Үкіметаралық және парламентаралық байланыстарды дамытуға барынша жәрдемдесу жөнінде уағдаласқан.
Қазақстан СІМ басшысы Италиямен өзара іс-қимыл спектрін кеңейту маңызды екенін атап өтті.
“Италия Қазақстанның Еуропадағы басты сауда серіктестерінің бірі. Біз сіздің еліңізбен ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. Дипломатиялық қатынастардың 30 жыл ішінде біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік”, – деді министр Тілеуберді.
Италия сыртқы істер министрі Л. Ди Майо өз кезегінде тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуға мүдделі екенін айтты.
“Қазақстан Еуропалық одақпен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы жалғыз ел. Біз Орталық Азия өңіріндегі сенімді серіктесімізбен алдағы уақытта да өзара іс-қимыл жасауға дайынбыз”, – деді Италия сыртқы істер министрі.
Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды элементі сауда-инвестициялық өзара іс-қимыл болғандықтан Италияның іскер топ өкілдерімен “дөңгелек үстел” өтті. Іс-шараға Италия сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары, Қазақстан-Италия өнеркәсіп және экономикалық ынтымақтастық және алмасу жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағасы Манлио Ди Стефано қатысты. Кездесуде екі ел арасындағы сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жолдары талқыланған.
Италиялық кәсіпкерлер Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, машина жасау және жасыл энергетика салаларында өзара тиімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
Алматы – Милан бағыты бойынша аптасына 2 рет тікелей әуе қатынасын ашудың маңызы талқыланды. Бұл екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын дамытуға ықпал етпек.
Сапар барысында Мұхтар Тілеуберді италиялық “Maire Tecnimont”, “Same Deutz-Fahr”, “Ansaldo Energie S.p.A.” және т.б. компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесу өткізіп, қазіргі және перспективалық жобаларды талқылаған, сондай-ақ Қазақстанмен іскерлік серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаласқан.
Италия Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. Ұлттық банк дерегі бойынша 2021 жылы Италиядан тікелей тартылған инвестиция – 122,8 млн АҚШ доллары. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 2021 жылы 9,6 млрд. долларды (экспорт – 8,8 млрд және импорт – 0,8 млрд) көрсеткен.