Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне “ұшаққа немесе тікұшаққа мініп, елден кету” туралы ұсыныс болғанын, бірақ оны тыңдамай, өз резиденциясында түнегенін айтты. Тоқаев бұл туралы Ресейдің “Россия 24” мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Сұхбат эфирге бүгін шығады.

“Төңкеріс атаулының мақсаты – билікке басқа адамдардың келуі. Маған келсек, сол күндері осы жерде, президент резиденциясы ғимаратынан ешқайда шыққан жоқпын. Әрине, осында түнедім. Астанадан кетпейтінімді әу бастан айттым” деген Тоқаев “Россия 24” телеарнасы тілшісі Андрей Кондрашовке берген сұхбатында.

Қаңтар айының басындаа Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарады. Қазақстанның көптеген елдімекенінде қымбатшылыққа, жұмыссыздыққа наразы азаматтар жаппай шеруге шықты. Наразылар әлеуметтік проблемалармен бірге билікке саяси талаптар да қойды.

Бейбіт басталған жаппай наразылықтың аяғы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік мекемелер, сауда орталықтарын мен басқа да нысандар және дүние-мүлік өртеліп-қиратылды.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам қаза тапқан. Оқиғадан кейін полиция мен тергеу органдары қамауында сегіз адам көз жұмған. Қаңтар оқиғасынан бері бес ай өтсе де, қоғам талабына қарамастан, билік қаза болғандардың тізімін әлі күнге жарияламай отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз