Қазақстан сыртқы істер министрі АҚШ мемлекеттік хатшысымен кездесті

0
159
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Photo: MFA Qazaqstan

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Вашингтонға сапарының екінші күнінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен екіжақты келіссөз өткізді. СІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылаған.

Мұхтар Тілеуберді көпвекторлы сыртқы саясат аясында Қазақстан АҚШ-пен ынтымақтастықты нығайта беретінін атап өткен. “Дипломатиялық қатынастардың 30 жылы ішінде біздің екіжақты өзара ынтымақтастығымыз кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жоғарылады”, – деді министр Тілеуберді.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Photo: MFA Qazaqstan.

Өз кезегінде Энтони Блинкен “біздің серіктестік қарым-қатынасымыз АҚШ тарапынан Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығына мызғымас бейілділігіне негізделген”, – деп атап өткен.

Қазақстан сыртқы істер министрі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа Қазақстанды” құру бойынша жүргізіп жатқан түбегейлі өзгерістер және Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі алдағы жалпыұлттық референдум туралы егжей-тегжейлі хабардар еткен.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстандағы демократиялық өзгерістерді құптап, Вашингтонның саяси және экономикалық реформаларды іс жүзінде іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін айтқан.

Қазақстан мен АҚШ дипломаттарының келіссөзі. Photo: MFA Qazaqstan.

Халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасқан тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту ниетін растаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз