8 сәуірде Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ол бұған дейін сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Жұма күні Нұрышев бұл қызметтен ресми түрде босады.
2019 жылдың қараша айынан бері Қазақстанның Қытайдағы елшісі болған Ғабит Қойшыбаев қызметінен босатылып, Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
49 жастағы Шахрат Нұрышев Пекин лингвистика университетінің түлегі. Ол сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болғанға дейін 4 жарым жылдан астам Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі (2015-2019) болған. Әр жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде түрлі қызмет атқарған. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне байланысты мәселелері бойынша үйлестірушісі болған.