Бауыржан Байбек “Нұр Отандағы” қызметінен кетті

0
274
Бауыржан Байбек.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасының ұлы делінетін Бауыржан Байбек “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетті.

“Нұр Отанда” 20 жылға жуық жұмыс істеген Бауыржан Байбек cәрсенбі түскі уақытта Facebook парақшасында партиядан кетуге өтініш бергенін, оны президент қабылдағанын жазды.

“”Нұр Отан” алдына жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап ететін мүлде жаңа міндеттер қойылды. Сондықтан мен партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа атқарып отырған қызметімнен босату туралы тиісті өтініш бердім. Бүгін менің өтінішім қанағаттандырылды”, – деді ол.

Тоқаевтың баспасөз хатшысы 2 ақпанда президенттің Байбекке алғыс білдіргенін хабарлады.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Байбекке Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымындағы көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты” делінген хабарламада.

28 қаңтарда “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс съезінде Тоқаев партия төрағасы болып сайланған. Партияның жаңа саяси кеңесінің құрамына “Назарбаевтың адамы” деп аталатын бірқатар шенеуніктер, атап айтқанда бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, Бауыржан Байбек те енбеген. Тізімде экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева да жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев пен оның жақындары және айналасындағы бірқатар шенеуніктер қызметтен шеттетілді. Кейбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Назарбаевтың өзі 18 қаңтарда видеомәлімдеме жасап, “элита арасында ешқандай тартыс болмағанын”, бар билік Тоқаевтың қолында екенін, өзінің қарапайым “зейнеткер” екенін айтқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз